скачанные файлы (27)

Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы «Талап ауылының №14 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2 «Б» сынып оқушысы Перелигин Эдуард жетекшісі қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Смагулова Жайнат Сагынгалиевна МЕНІҢ МЫСЫҒЫМ

Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы «Талап ауылының №14 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2 «Б» сынып оқушысы Перелигин Эдуард жетекшісі қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Смагулова Жайнат Сагынгалиевна

МЕНІҢ МЫСЫҒЫМ

Үйге мысық асырап алу үлкен жауапкершілік. Мысықты анда — санда сипап, оған тамақ бере салумен оның алдындағы жауапкершілік аяқталды деу үлкен қателік. Ол жанды әрі саналы тіршілік иесі болғандықтан оны жақсы көре білу керек және оған үлкен күтім керек. Ал қазіргі кезде балалардың жалпы жан — жануарға деген, әсіресе мысыққа деген сүйіспеншілік, қамқорлық сезімдері азайып бара жатыр.

Зерттеген тақырыбым: «Менің мысығым»

Менің бұл зерттеушілік жұмысымның мақсаты: мысықты қолға үйрету тарихын және түрлері туралы мәлімет жинастыру; мысығымның өсу кезеңіндегі іс — әрекетін, өзгеруін бақылау арқылы оған менің үйімде тұру жайлы ма екендігін анықтау; саналылығы туралы қорытынды шығару; құрбы — құрдастарыма ұялы телефондар мен планшеттерде өмір сүретін мысықтарды емес шынайы мысықты жақсы көру керектігін насихаттау;

Міндеттері:

— интернет желісін, әдебиеттерді оқу арқылы мысықтың қолға үйретілуі және түрлері туралы мәлімет жинастыру.

— өз мысығыма ұдайы бақылау жүргізу.

— жиналған мәліметтер бойынша қорытынды шығару.

Болжам: осы жобамда қызықты да пайдалы мәліметтерді айта отырып, құрбы — құрдастарыма оларды саналы тіршілік иесі ретінде құрметтеу және жақсы көру керектігін түсіндіргім келеді; ал жалпы адамзат атаулы оларды өздері қолға үйреткендіктен олар үшін жауапты екендіктерін естеріне салу.

Зерттеу объектісі: өзімнің «Тұмар» атты мысығым.

Зерттеу жаңалығы: Зерттеу барысында интернет желісін, әдебиеттерді оқу арқылы мысықтың қолға үйретілуі және мысық түрлері туралы мәлімет жинастырдым. Кішкентай кезінен асырап алған мысығыма ұдайы бақылау жүргіздім. Оның даму кестесін құрдым және оны салыстырдым. Қазіргі ұялы телефондар мен планшеттерде өмір сүретін «Том» атты мысықпен ойнауды және шынайы мысықпен ойнауды салыстырып, алғашқысының зиянды екенін және соңғысының пайдалы екендігін дәлелдедім.

Жиналған мәліметтер бойынша қорытынды шығардым.

Мысықтарды қолға үйрету тарихынан

Миацидтер — бұдан 50 млн жыл бұрын пайда болған, барлық жыртқыштардың арғы тегі. Миацитар кішігірім денелі және ұзын құйрықты жануар болған. Ал жабайы мысықтарды қолға үйрету осыдан кемінде 5 мың жыл бұрын басталған. Негізінен, үй мысықтарының арғы тегі Ливия мысығы болып саналады.

Мысық түрлері

Жер бетінде тек қана мысықтардың сексенге жуық түрлері тіршілік етеді. Олар: басы үлкендеу біткен, кержік танау, барақ жүнді парсы мысығы, дене тұрқы сыптығыр, түгі тарғыл жолақтанып келген король мысығы, Ман аралының шолақ құйрық мысығы, сібір мысығы, тықыр жүнді еуропа мысығы, түрік және сиам тобына жататын – сиам, бирман, абиссин мысықтары. Мұның сыртында мысықтар түр — түсі, мінез — дағдысы, көз жанарының түсі және басқа да белгілері бойынша ажыратылып, аталады. Көптеген елдерде мысыққұмарлар клубтары жұмыс істейді. Мұнда мысықтар тегі, түр — түсі бойынша арнайы кітаптарға тіркеліп, олардың көрмесі ұйымдастырылып отырады.

 

Ангор мысығы Бомбей

Парсы мысығы Азиаттық табби

Кимрик Сиам мысығы

Үй мысығының ерекшеліктері

Үй мысығы — өте таза хайуан болып есептеледі. Мысықты түзге шығуға өзі сұранатындай етіп үйретеді. Жүні ұзындарын күн сайын, жүні қысқаларын күн ара тарап отыру қажет. Мысықтың балаларын серуенге енесімен бірге шығарады. Мойын жіп байланғаны дұрыс. Пәтерде оларға арнайы орын бөлініп, оған құм немесе топырақ, ағаш ұнтағы салынған себет әйтпесе жәшік қойып, ішін күнде жаңартып тұрады.

Мысықтың адамға пайдасы

Бірқатар халық емшілерінің баяндауынша, мысық иесінің қай жері ауырса, сол жерге барып жататын көрінеді. Және де мысықтардың кейбірі иесінің ауырған жерін ақырын тырналап емдесе, екіншілері олай массаж жасамай — ақ, сол жерде жатқан күйі оған бойындағы қуатымен әсер етіп, шипасын сыйлайды екен. Сенеріңді де, сенбесіңді де білмейсің. Тек біздің бір білетініміз, бұрындары халық емшілерінің мысық бойындағы шипагерлік қасиетті жақсы біліп, оны іс — тәжірибеде пайдаланғаны. Қазіргі медицинада «анималтерапияның» бар екені, бұл саланың жылдан — жылға дамып келе жатқаны мысықтың емдік қасиетіне басты дәлелдердің бірі. Бұл жөніндегі ой — пікірлерге назар аударсақ, «мысық иесінің ауырған жерін дәл табатын энергетикалық – ақпараттық құрал іспеттес. Өйткені, адамның ауырған жерінің энергетикасы өзгереді де, осы өзгерісті мысық бірден сезеді».

Тағы бір таңғаларлық ой — пікір: «мысықтың биоөрісі жүректің жұмысын қалпына келтіреді, қан қысым реттейді, бас ауруын жазады, ол үшін мысыққа жақын болып, оны бір мезет сипап қою қажет». Ол адам бойындағы теріс қуаттарды да сүзіп алады. Аниматерапевтердің дәлелдеуінше, мысықтың пыр — пыр еткен үнінің өзі адамдарға шипалы. Мысықтың мияулаған дауысы – 20 — 25 герцке дейін жететін дыбыс толқындары болғандықтан, бұл мөлшердегі дыбыс диапазоны адам жарақатының тез жазылып кетуіне, сынған сүйектің тез бітуіне өте жақсы әсер етеді. Ол тіпті, ағзаның иммундық жүйесін күшейтіп, адам өмірін ұзартатын болып шықты. Сондай — ақ, мысықтың мамық терісін бірнеше минут сипасаң, инфаркт, инсульт алу қаупі азаятын көрінеді. Себебі, мысықты сипау — әлсіз ток арқылы электростатистикалық әсер ету деген сөз. Бұл нағыз физиотерапия!

Таңғажайып оқиғалар

Мысық жыртқыш хайуан, тышқан, торғайды ұстап алып жей беретін етқұмар, итпен араз жануар саналғанымен, мысық пен торғайдың, иттің достығы тәрізді де таңғажайып оқиға, құбылыстар туралы әңгімелер көп. Жазушы Николай Семенович Тихонов «Таңғажайып қызық оқиғалар» атты хикаятында хайуандар достығы жөнінде былай деп жазады:

«… Ертемен балконға шыққанымда көрші аулада екі хайуанның шөп арасында жүргенін көрдім. Мен бұған қайран қалып, үн — түн жоқ тұра қалдым. Біздің жирен түсті еркек мысығымыздың қасында қаздаң — қаздаң басып бір қарға жүрді, ал мысық анда — санда бір қарап қояды да, қатарласып жүре береді. Бұл әдеттен тыс көрініс еді, мен оған түсінік таба алмағанымды мойындаймын. Мысық екі ауланы бөліп тұрған аласа шарбаққа дейін келіп, оның астынан өтті де, гүлзардың ішімен аяңдай бастады, ал қарға шарбақтан оп — оңай ұшып өтіп, мысықтың қасына келіп қонды.

Мен осының бәрін үй ішіне айттым; мұны көрген жалғыз мен ғана емес екенмін. Оның үстіне бұл үйде тұратын біз ғана емес, өзге келім — кетімді кісілер де мұншалықты таңғажайып достықтың куәгері болды. Таңертеңгі сағат алтыларда қарға біздің сая бақтың алдына келіп қонады да, ерсілі — қарсылы жүріп, мысықты күтеді. Сол сәтте, жирен мысық та далаға шығып, екеуі біздің аулада серуендейді немесе көрші қораға кетеді. Бұлардың алғаш ұшырасқан жері – жөке ағашының маңында жүргенін талай адам көріпті; мұнда мысық өзінің өрмелегіштік өнерін көрсетеді. Бұл кезде қарға үнсіз отырып, оның акробатикалық жаттығуларын тамашалайды. Бұдан соң мысық бұтақтардың үстінде отырады, ал қарға үздіксіз қарқылдай бастайды. Сырттан қарағанда, бұл мысықтың гимнастикасын талқылағанға немесе оған көрген — білгендерін айтқанға ұқсайтын еді; мұндайда мысық үнсіз отырып, мұқият тыңдайтын. Екеуі өстіп көп отырады да, қайтадан серуенге шығады.

Бұл оқиға жұрттың аузынан түспейтін болды. Кей адамдар мысық пен қарғаны көру үшін әдейілеп келіп жүрді. Екеуі кісіден қорықпайтын — ды, жақындап барсаң да тұра қашу дегенді білмейтін. Біраздан соң қарға ұшып кететін де, ертеңіне таңертең қайта келетін.

Алайда бұл оқиға қайғылы аяқталды. Қарға кенеттен жоғалып кетті. Ол дуал іргесінде өліп жатқан жерінен табылды. Көрші ауланың балалары үрлеме мылтық атуға жаттығып жүргенде қарға біздің қораға келіп қону үшін көршілердің жерін айналады, тым төмен ұшып келе жатқанда байғұсқа оқ тиіп кетеді…

Жирен мысық біршама уақытқа дейін ертемен далаға шығып, досын күтіп жүрді. Оның қаншама қайғы шеккенінен ешбір хабарымыз болмады. Біз хайуандардың сезім дүниесін тым аз білеміз ғой».

Мысықтар арқасымен құламайды

Нью — Йорк қаласында үйдің 32 қабатынан құлаған мысық өлмей тірі қалған. Осындай биіктіктен құлаған мысықтардың 132 — сінің 2 — еуі ғана өлетін болып шықты. Яғни, үйлер неғұрлым биік болса, мысықтардың да сақтану мүмкіндігі солғұрлым мол болады екен. Өйткені, құлап келе жатқан мысық өзінің қорғану, аман қалу «тетіктерін» көзді ашып — жұмғанша тез іске қосады. Ол бейне бір көзге көрінбейтін айналдырғыш аппарат тәрізді. Соның көмегімен ол арқасымен құлағанда аяқтарының табанын жерге төсей қоятын көрінеді. Жерге жақындағанда құлау жылдамдығы арта түскенімен, мысық табанын жайып жіберіп, аяғына түсетін күшті азайта алады. «Мысықтардың жоғарғы биіктіктен құлағанды «жақсы көретінін» себебі де — осы арадағы қашықтықты «басып өткенше» біраз уақыт өтіп, денесіне жайлы болатындай етіп «қонудың» әрекетін жасап үлгіреді».

Зерттеу бөлімі

Түрлі мәлімет көздерінен мысықтар жайлы оқып білгенімнен төмендегідей түйіндіге келдім:

  1. Мысықтар 15 — 20 жыл тіршілік етеді екен.
  2. Мысықтардың көзі түнде жақсы көреді.
  3. Олардың мұрттары “антенна” қызметін атқарады екен.
  4. Мысықтар ешқашан адаспайды екен. Олар өз иесі мен үйін кез — келген жағдайда тауып алады екен.
  5. Мысықтар еш уақытта арқасымен құламайды екен.
  6. Мысықтар иесінің қай жері ауырса, сол жерге жатып оны емдейді екен.
  7. Мысықтар ауа — райын болжай алатын көрінеді.

Өз мысығыма ұдайы бақылау жүргізу арқылы

оның даму кестесін құрастырдым

Жасы салмағы Мінез — құлқындағы өзгерістер

2 ай 1кг Алғаш рет суға түсірдік. Судан қорқады екен.

3ай 1, 3кг Мысығыма Тұмар деген ат қойдық. Ол жіппен, доппен ойнағанды ұнатады. Аңдып тұрып адамға қарсы жүгіреді.

4ай 1, 5кг Алғаш рет тышқан ұстады. Оны бірден жемей, біраз ойнап алды. Маған әбден үйренді. Мен мектептен келгенде алдымнан еркелеп шығып, мені қарсы алады.

5ай 1, 8 кг Тұмар күніне 5 рет ұйықтайды. Еттен басқа тағам жемейді.

Күніне 5 — 6 рет 2 — 3 түйір ет жейді. Нан және макарон өнімдерін жемейді. Көп су ішпейді. 6 рет тілімен жалап су ішеді. Түнде ұйықтайтын уақытты біледі, бізбен жату үшін ол шкафтың артына тығылып анам есікті жапқанын күтіп отырады да, ол кеткен соң зып беріп менің қойныма кіріп кетеді. Екеуіміз рахаттанып ұйықтаймыз.

6ай 2, 5кг Менің жанымда ұйықтағанды, бізбен асыр салып ойнаған

ды жақсы көреді.

7ай 3, 1кг Шомылдырғанда судан қорықпайды, яғни ол суға үйренді.

Қорегін аулауға шыққан жыртқыш аң сияқты бір бұрышта немесе қалтарыс жерде бір орында көздері жанып тырп етпей отырады. Сондай кезде біз оған кедергі жасасақ, ренжігендей сыңай танытады. Сондықтан мысығым «аңға шыққанда» біз оған кедергі жасамауға тырысамыз.

Қазіргі кезде менің көптеген құрбы — құрдастарым ұялы телефондар мен планшеттегі мысықпен ойнағанды жақсы көреді. Мен осы мысықпен ойнауды және өз мысығыммен ойнауды салыстырдым.

Салыстыру нәтижесін кестеге түсірдім

Ұялы телефондағы «Том» Менің Тұмарым

  1. Мысықпен ойнап отырған бала еш қозғалыссыз отырады.
  2. Ол мысық бір қалыпта өмір сүреді.
  3. Бала үнемі өз дегенін істету арқылы оның бойында өзімшілдік қалыптасады
  4. Үнемі бір нүктеге қарауынан көру қабілеті төмендейді
  5. Денесі шынықпаған, қозғалыста болмаған баланың физикалық жетілуі төмен болады.
  6. Бұл мысықтың тұрақты, оны шынайы жақсы көретін иесі жоқ, кім ұялы телефонды қолына алса, сол адам оның иесі бола қалады, және ол мысық ешкімді жақсы көре алмайды.
  7. Мен мысықпен ойнағанда жүгіремін, аунаймын, секіремін. Бұның бәрі менің денемнің шынығып жетілуіне әсерін тигізеді.
  8. Менің мысығым виртуалды мысық тәрізді емес, ол саналы тіршілік иесі, әркез жаңа қылықтар шығарады. Ол мені және менің отбасымды таниды.
  9. Үнемі өз мысығыммен тығыз қарым — қатынаста болғандықтан, оған деген жылы сезімім пайда болды, сол арқылы жан — жануарларға деген көзқарасым өзгерді, жануарлар әлеміне деген қызығушылығым артты.
  10. Мысығым мені өте жақсы көреді. Мен де оны өте — өте жақсы көремін.

Мысықтар — өте ақылды тіршілік иесі екенін байқадыңдар ма?!

Тығылмақ ойнағанда мысығым Шомылдырғанда, алғашқыда судан

мені кез — келген жерден тауып алады. қорқып еді, соңынан үйреніп алды.

Фотоға түскенді ұнатады. Бәрінен де мамық төсекте ұйықтағанды

өте — өте жақсы көреді.

Мысығым — менің келе ғой,

Құшағыма ене ғой,

Қасыма менің жата ғой

Тәтті ұйқыға бата ғой

Қорытынды

  1. Менің мысығым мысықтардың даму кестесіне сай жетіліп келеді.
  2. Менің Тұмарыма менің үйімде тұру өте қолайлы.
  3. Мысықтар — саналы, ақылды тіршілік иелері.
  4. Мысығым маған қосымша дене шынықтырумен айналысуыма үлкен көмегін тигізеді.
  5. Менің бойымда жауапкершіліктің қалыптасуына үлкен көмегін тигізді.

 

Қолданылған әдебиеттер:

  1. «Сен білесің бе?» энциклопедиясы «Аруна» баспасы
  2. «Балдырған» журналдары
  3. Интернет желісі

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің email-ңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

*