DSD

ҰЛЫ МАТЕМАТИК – ЕВКЛИД Аманбек Аружан ОҚО, Сайрам ауданы, «Ошақты» ШЖЖОМ 10 сынып оқушысы Тажибекова Гулнара Рыстайқызы ОҚО, Сайрам ауданы, «Ошақты» ШЖЖОМ математика пәні мұғалімі

ҰЛЫ МАТЕМАТИК – ЕВКЛИД

Аманбек Аружан

ОҚО, Сайрам ауданы, «Ошақты» ШЖЖОМ

10 сынып оқушысы

 Тажибекова Гулнара Рыстайқызы

 ОҚО, Сайрам ауданы, «Ошақты» ШЖЖОМ

математика пәні мұғалімі

 

Ақыл-ойды тәртіпке келтіретін — математика,

сондықтан оны оқу керек.

М. Ломоносов

 

Ғылымдар тарихында біздің жыл санауымыздан бұрынғы ІІІ ғасыр грек геометриясының алтын заманы деп аталған. Бұл ғасырда грек математикасының үш алыбы- Евклид, Архимед және Аполлоний өмір сүрген. Үлкен геометрияның жасалуы осылардың есімімен байланысты. Грек математикасы осы үшеуінің тұсында шарықтап шыңға шықты да, олардан кейін құлдырады, ақыры «су аяғы —  құрдым» болып, құмға сіңген өзендей құрып кетті.

Евклидтің толық өмірбаяны сақталмаған. Ол жөніндегі азын – аулақ мағлұматтар грек математиктері Папп (ІІІ ғасыр) пен Проклдың (410 — 485) еңбектерінде кездеседі. Бұлардың екеуі де Евклидті көрген адамдар емес, біріншісі одан 600 жыл кейін, екіншісі 750 жыл кейін өмір сүрген. Папп пен Прокл еңбектерін өздеріне жеткен тарихи материалдарға, ғалымның кітаптарына  және халық арасына таралған аңыз – әңгімелерге сүйеніп жазған.

Папптың негізгі еңбегі —  8 бөлімнен құралған «математикалық жинақ». Онда автор өзінен бұрынғы геометрлердің еңбектеріндегі қызықты деп саналған мәселелерді баяндап шыққан. Прокл бірнеше кітап жазған, оларда ертедегі геометрлердің еңбектері, солардың ішінде Евклид «Негіздерінің» бірінші кітабы түсіндірілген. Прокл кітаптарының бірі «Математиктер тізімі» деп аталып кеткен. Бұл «Тізімде» Фалес, Пифагор, Гиппократ, Леонт,Февдий, Евклид тағы басқалар аталған.

Гректің ұлы математигі Евклид (біздің жыл санауымыздан бұрынғы 330 – 275 жылдар шамасы) Афины қаласында туған, білім мен тәрбиені Платон мектебінен алған. Алайда, оған Платоннан гөрі Аристотельдің ықпалы күштірек болған. Евклид ғалым ретінде әбден қалыптасып, кемеліне келіп, күрделі еңбектер жазған шағында Александрия қаласында тұрған, қайтыс болғанда сонда жерленген.

Александр Македонский Мысырды жаулап алғаннан кейін Жерорта теңізінің жағасында, Мысыр жерінде, жаңа қала салдырған.  Қала соның атымен Александрия деп аталған. Кейін Александрия сауданың, мәдениеттің және ғылымның ірі орталығына айналған. Александр патша өлгеннен кейін оның империясы бөлшектеніп кеткен. Мысыр жерінің билігі Александрдің үзеңгілестерінің бірі  — Лагтің баласы   Птолемей Сотерге тиген.  Сотерден кейін Птолемей Фмладельф, одан кейін Птолемей Эвергет патша болған. Бұл үш Птолемей (біздің жыл санауымыздан бұрынғы 305 – 222 жылдар) ғылым мен өнердің дамуына көңіл бөліп отырған. Птолемей Сотер музей деп аталған «өнер мен білімге қамқорлық  жасайтын музалардың  — пірлердің ғибадатханасын» ұйымдастырған, онда атақты ғалымдарды, ақындарды, өнерпаздарды жинаған. Музейде 700 мың бума қолжазбасы бар орасан зор кітапхана болған. Бұл музей мен кітапхана өз тұсында ғылым академиясының ролін атқарған. Евклид Александрияға құрметпен шақырттырылып алдырылған, өмірінің қалған жартысын сонда өткізген. Евклидтің тлық өмірбаяны сақталмағанымен, оның бірталай шығармалары сақталып, біздің заманымызға дейін жеткен. Бұл шығармалары Евклидті тарихта бұрын – соңды болған ұлы ғалымдардың қатарына қояды. Данышпан Пушкин өзінің «Ескерткіш» атты әйгілі өлеңінде :

«Жоқ, өлмен, жаным жарқын өлеңімде,

Жасарад, қуармайды денем мүлде» —

деген болатын. Сол сияқты , «Негіздер» атты өшпес еңбекті жазып аяқтағаннан кейін: «Жоқ, өлмен, менің жаным геометрияның сызықтарында» деп, мүмкін, Евклид те айтқан болар.

Евклидтің бізге жеткен шығармаларының бірі —  «Берілген шамалар туралы». Мұнда көбінесе алгебралық мәселелер қарастырылған. Мысалы, қатынасы және біреуі берліген екі шаманың екіншісін табу, қосындысы мен қатынасы, айырмасы мен қатынасы, қосындысы мен айырмасы, көбейтіндісі мен қосындысы берілген шамаларды табу т.с.с. Бұл есептер қазір теңдеу арқылы шешіледі, ал Евклид оларды геометриялық жолмен шешкен.

«Фигураларды бөлу туралы» деген шығармасының тек араб тіліндегі аудармасы ғана бар. Онда көпбұрыштардың аудандарын берілген нүктеден өтетін түзулер жүргізу арқылы әр түрлі  бөліктерге бөлу мүмкіндіктері зерттелген.

Евклидтің «Оптика» деген кітабында перспектива ережелері, «Катоптрикасынды» жарықтың айнадан шағылу заңдары, «Секция канонис» деген еңбегінде музыканың математикалық теориясы, «Файномена» атты кітаптарында астрономияның элементар курсы баяндалған.  «Математикада кездесетін логикалық қателер» («Псевдария»), «Конустық қималар», («Коника»), «Беттердегі геометриялық орындар», «Поризмалар» тағы басқа шығармалары бізге жетпеген. Ғалымның ұлы еңбегі  —  « Негіздер» юолып саналады.

 

 

Әдебиеттер:

 

  1. «Математикалық ойашар», «Қазақ энциклопедиясы» Алматы, 2009
  2. М.Ө.Ысқақов, С.Н.Назаров. «Математиктер жайындағы әңгімелер» -Алматы, 1967 ж.
  3. А.В. Погорелов. Геометрия кітабы.

Пікір қалдыру

Сіздің email-ңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

*