20170211_085141

«Тәуелсіз Қазақстан» Кульмаганбетова Р.А. №18 ЖОББМ-КММ-нің тарих пәні мұғалімі, Екібастұз қаласы Кабдуахметова Зарина Мейрамовна 11 «а» сыныбы №18 ЖОББМ-КММ, Екібастұз қаласы

«Тәуелсіз Қазақстан»

Кульмаганбетова Р.А.

№18 ЖОББМ-КММ-нің тарих пәні мұғалімі, Екібастұз қаласы

Кабдуахметова Зарина Мейрамовна 11 «а» сыныбы

№18 ЖОББМ-КММ, Екібастұз қаласы

Еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдары – Мәңгілік Қазақстан жобасының негізгі түйіні «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы болып табылады. Елбасымыз Қазақ мемлекетін өркениетті жолмен құрудың стратегиялық жоспары мен барша қазақстандықтарды біріктірудің нақты жолын салып берді. Бұл стратегияны жүзеге асыру барша қазақ еліне, әсіресе мектеп жасындағы болашақ ұрпаққа зор жауапкершілікті жүктейді. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы – балалар мен жастар тәрбиесіндегі стратегиялық бағдар беретін білім беру ұйымдарында қабылданған тағылымы зор тарихи құжат. «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру  аясында бабалардың ерлігін, бүгінгі буынның ерен істерін және жас ұрпақтың жасампаздығы арасындағы сабақтастықты байланыстырып, іске асыру арқылы елімізді «Мәңгілік Ел» дәрежесіне көтереміз.

Жұмыр жердің тыныс тіршілігін жіті бағып, оның бар асылы мен жасығын тарихтың таразысына салып, зерделеген ұлы көш алға басып барады. Бұл өмір көші, бұл уақыт көші. Осы ұлы көшке куә болған біздің халқымызға жиырмасыншы ғасырдың сыйлаған ғаламат оқиғасы  — мемлекеттік тәуелсіздік идеясының жеңуі еді. Көңіл оянып, сана серпілді, сенім пайда болды. Әлемнің небір аузымен құс тістеген тәкаппар елдерімен тең тұрып тілдесетін күн де туды. Мұны бүгінде біз, болашақ ұрпақ мақтан тұтып келеміз. Халқымызға ғасырлар бойғы, сонау Күлтегін және Кенесары хан аралығын қамтыған, арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін күн  біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Сараптасақ, Тәуелсіздігімізді жарияланғаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің ұлы тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды иіп, Отанымыз-Қазақстанды құрметтеу сезімін әкелетін осынау мереке күні алға қарай тағы да берік сеніммен қарап, болашақтың тыныш өмірінің негізін қалау үшін қазір де бұл бағыттағы іс-әрекетті жалғастыру керек. Ата-бабаларымыздың  жүрегінде тәуелсіздік үшін күресу мақсаты  тұрған болса, біздің алдымызда оны нығайта түсу міндеті тұр. Ендеше өскелең ұрпақ, яғни біз не істеуіміз керек деген сұраққа, былайша жауап бергім келеді.

Біз бір-бірімізге сүйіспеншілікпен қарауымыз керек. Кәдімгі, бір үйдің ағайынды балалары секілді, қатемізді кешіріп, арамызды ажырататын нәрселерден қашып, тіршілік етуіміз қажет. Ол үшін, ең алдымен, діни наным-сенімге өте абай болу керек. Үкімет белгілеп берген діни басқарманы қазық етіп алып, басқа қайшы пікір, ұстанымдарды көпшілік алдына шығармайық.Қандай жағдай болса да, діни мағынадағы даудан қашу керек.

Келесі ойым жүзге, руға бөлінуден аулақ болу. Қазақтың ауызша тарихын зерттеген Ақселеу Сейдімбек те бүгінде рушылдық жоқ, рушылдық болу үшін ол рудың жері, малы болуы керек, ол өзінше әкімшілік бөлініс, ал қазіргі рушылмыз деп жүргендер өздерінің жеке мүддесін іске асыру үшін топ құрып жүргендер ғана деп ашық айтқан. Мұхтар Мағауин да Қазақ ордасының әлсіреп, орысқа барып қосылуын осы рушылдықпен байланыстырады. Тәуке ханның кезінен бастап, төрелердің билігі әлсіреп, билердің ықпалы күшейіп, ақыр аяғында жүзшілдік, рушылдық, өзара бәсеке күшейіп, бұрын болмаған масқараға тап болдық дейді. Одан кейінгі қазақ даласында болған көтерілістерді зерттеп көрсек те, өзара қырсығып жүрген бақталас рулардың бір-біріне тигізген зиянын байқаймыз. Демек, «Рушыл адам ешқашан ұлтшыл бола алмайды» деген.

Келесі бір ескеретін нәрсе бар: қазақтан басқа халықтарға жек көрінішпен қарайтын ұлтшылдықтың өзі – шындап келгенде рушылдықтың үлкен түрі. Яғни, тұтас адамзат, оның ішінде түркі тектестер, соның ішінде қазақ халқы дейтін болсақ, біздің тек «қазақ-қазақ» деп кетуіміз біртұтас қазақтың ішінде отырып өз руы үшін ғана өмір сүрген байғұстың тіршілігіне ұқсауы мүмкін. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дейтін ғақылиядан аттау анық қателік болады. Бірақ біз арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, ұлтшыл бола аламыз. Солай етпесек болмайды да. Қазақ елі – мұсылман әлемінің және түркі дүниесінің шекарасында тұр. Бізден терістікке және күнгейге қарай мұсылман да жоқ, түркі де жоқ (тәуелді бауырлас халықтарды қоспағанда). Біз енді Жаратқан Иеміз берген ортақ тіл, ортақ дәстүр, ортақ мінез айналасында ұйысып, басқа өркениеттермен иық тірестіріп, нық басып тұрмасақ болмайды. Біз басқаларды жек көрмей, өз-өзімізді жақсы көрейік, бағалайық.

Келесі менің ойымша, өзі ұлтшылдық екі-ақ сезіммен анықталады. Біріншісі, бала кезіңнен бойыңа сіңіріп өскен құндылықтарға деген махаббат. Қан арқылы берілген қасиеттер. Оның бәрін шын қазақ сезінеді, соны жоғалтып алудан сақтанады. Екінші сезім – ұрпақтың қамы. Бұл кәдімгі түйсік. Егер Қазақ елі мықты болса, сол қоғамның бөлшегі балалар да жаман болмайды. Сондықтан да біз осы халықты жақсы көреміз де, оны ұлтшылдық деп атаймыз.

Келесі керек қасиет – Мемлекетшіл болу. «Қазақ халқы мемлекетшіл болу мен билікшіл болуды шатастырмауы керек. Мемлекетшіл адам – өз үйін қалай қадірлесе, өз мемлекетін солай қадірлейді. Ол үшін көшеде өсіп тұрған әрбір гүл қымбат. Көшені ластап, тұрған нәрсені сындырып кететін адам – ол өзін осы елде жат сезініп жүрген, өзінің осы жағдайына наразы адам. Яғни, біз мемлекетшіл болуымыз керек екен. Сонау Солтүстіктегі ең шеткері ауылдан бастап, Оңтүстіктегі шекараға дейін әрбір құмын жақсы көруіміз керек.

Келесі мәселе – елімізде тіршілік етіп жатқан басқа ұлт өкілдерін жек көрмеу. Бұл біздің әлсіздігімізді білдіреді. Аталарымыз сол өзге ұлттарға міскін ретінде қарап, қамқорлылғына алған. Жетімдерді өсіріп, үйлендіріп жіберген, түрмеде жатқан әйелдерге тас лақтырған болып құрт лақтырып, оларды аштан алып қалған. Аталарымыз сондай ауыр заманда жазықсыз жандардың кім, зұлымдардың кім екенін айыра білген, жазықсыздарына мейірім таныта алған. Ал біз бүгінде өз елімізді өзіміз басқарып отырып, аталарымыз қабылдаған міскіндердің ұрпағына өшпенділікпен қарайтын болсақ, атамызға жетпей туғандығымыздың белгісі болады. Әдебиеттанушы Кенжебай Ахметов былай дейді: «Қазақстандағы басқа ұлт өкілдері – қазақтың панасында өмір сүріп жатыр. Қазақтар оларға ағалық қамқорлықпен қарауы керек».

Келесі кезекте үлкендерден үйрену жағына тоқталғым келеді.

Ауыл қазақтарының еңбекқорлығы, олардың ұстап қалған салт-дәтүрі, қазақы мінездер – тез арада өзімізді өзіміз күштеп болса да үйренетін нәрселер. Ғалымдардың білетіні, қызметтегілердің тәжірибесі, шығармашылық адамдардың үлгісі – бұл бізге басқа ешкім бере алмайтын байлықтар. Бұл жағынан келгенде, әуелі біз оларға шәкірт болуға жараймыз ба деген мәселе шығуы мүмкін.

Келесі мәселе осы жастардың сапасына келіп тіреледі. Қазақ жастары өзін-өзі қалай дамытуы керек? Төрт түрлі даму бар. Рухани, интеллектуалдық, физикалық, материалдық. Осы төрт түрлі дамуға әрбір жас мән беруі тиіс. Имансыз, ақылсыз, әлсіз, кедей адам ұлттың қамын жеп, не жарытпақ? Мен де міне тұлға болып қалыптасатын жасқа жеттім. Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан біз үшін Тәуелсіздік күні  — ең қастерлі күн. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Ұлт көшбасшысы Һәм Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазақстанның тәуелсіздігі – қазақтарға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастан кешу арқылы қол жеткен өз мемлекеттілігін құруға деген заңды құқығы, бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс», — деп атап көрсетуінде үлкен мағына жатыр.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің email-ңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

*