xzmDJLQv6cM

Егемендікке жетудің тарихи жолдары және «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы Кульмаганбетова Р.А. №18 ЖОББМ-КММ-нің тарих пәні мұғалімі, Екібастұз қаласы Кабдуахметова Зарина, Сабитова Асем 11 «а» сынып оқушылары №18 ЖОББМ-КММ, Екібастұз қаласы

Егемендікке жетудің тарихи жолдары және «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы

Кульмаганбетова Р.А.

№18 ЖОББМ-КММ-нің тарих пәні мұғалімі, Екібастұз қаласы

Кабдуахметова Зарина, Сабитова Асем

11 «а» сынып оқушылары №18 ЖОББМ-КММ, Екібастұз қаласы

Еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдары – Мәңгілік Қазақстан жобасының негізгі түйіні «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы болып табылады. Елбасымыз Қазақ мемлекетін өркениетті жолмен құрудың стратегиялық жоспары мен барша қазақстандықтарды біріктірудің нақты жолын салып берді. Бұл стратегияны жүзеге асыру барша қазақ еліне, әсіресе мектеп жасындағы болашақ ұрпаққа зор жауапкершілікті жүктейді. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы – балалар мен жастар тәрбиесіндегі стратегиялық бағдар беретін білім беру ұйымдарында қабылданған тағылымы зор тарихи құжат. «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру  аясында бабалардың ерлігін, бүгінгі буынның ерен істерін және жас ұрпақтың жасампаздығы арасындағы сабақтастықты байланыстырып, іске асыру арқылы елімізді «Мәңгілік Ел» дәрежесіне көтереміз. Осы тұста тарихымызға тоқталар болсақ, Қазақ хандығының тарихы Керей мен Жәнібектен Кенесарыға дейін «Алаш жолы» деп аталады. Осы уақыт аралығын сегіз кезеңге бөліп қарастырсақ:

  1. Құрылу заманы 1465 жылы Қазақ Хандығы құрылды. Керей сұлтан Жәнібек сұлтаннан жасы үлкен болғандықтан хан болып сайланды. Алайда шындығында билік Жәнібек сұлтанда болды. Керей хан тек ресми ғана хан болды. 1473 жылы Керей хан дүние салып, билер хан етіп Жәнібек сұлтанды сайлайды. Бірақ Жәнібек ханның билігі туралы деректер өте аз. Осы аз деректер ішінен бізге мәлім болғаны Жәнібектің көреген саясаткерлігі. Осыған байланысты ол тарихта Әз Жәнібек хан деген атпен белгілі. Құрылу заманы 1465-1481 жылдары 16 жылға созылды.
  2. Гүлдену заманы. 1481 жылы Жәнібек хан өмірден озады. Хандық билігі Керей хан ұлы Бұрындық сұлтан қолына өтеді. Ол 30 жыл бойы ел билейді. Оның тұсында қазақтар Шаш, Сыр елдерін басып алып, аумақтарын екі есе ұлғайтты. Алайда елде шын билік Жәнібек хан ұлы Қасым сұлтанда болды. Оның танымалдылығы 1511 жылы Қасым сұлтанның қысымымен Бұрындық хан тақтан тайып, Самарқан жаққа аттанады. Билік ресми түрде Қасым ханға ауысты. Ендігі Қасым ханның мақсаты Сыр елінде және Қыпшақ даласында билікті нығайту. Бұл мақсаты орындалды: қазақтар қазіргі Солтүстік Қазақстанды бағындырды, 1512 жылы моғолдардан Жетісуді тартып алды, ал 1520 жылы ноғайлардың патшааралығын пайдаланып, олардың астанасы — Сарайшықты басып алады. Осылайша Қазақ Хандығы аумақтық тұрғыда өз шарықтау шыңына жетті. Хандықтың халық саны 1 миллионға жетсе, әскер саны 300 мыңнан кем болмады. Әскери жетістіктерден басқа Қасым хан тұсында саяси, мәмілегерлік, әкімшілік және әлеуметтік жетістіктер болды. Саяси және мәмілегерлік жетістіктерге жету үшін Қасым хан көршілес елдермен ғана емес, қиыр шетелдегі елдермен де қарым-қатынас орнатты. Қасым хан тұсында қазақтардың алғаш ата заңдары «Қасым ханның қасқа жолы» атты ата заң қабылданды. Бұл ата заң хандық билігін нығайтты, халық арасындағы дауды азайтты, әкімшілікті және әлеуметті тұрақтандырды. Сарайшық Қасым ханның ордасы болды, және қалған өмірін сонда өткізді. 1521 жылы Қасым хан Сарайшықта дүние салып, Алтын Орда хандары кесенесінде жерленді. Қасым хан қазақ тарихында қазақтың ең ұлы ханы болып саналады. Гүлдену заманы 1481-1521 жылдары 40 жылға созылды.
  3. Ханаралық соғыс заманы. 1521 жылы Қасым хан дүниеден озғаннан кейін, билік оның үлкен ұлы Мамаш ханға өтті. Алайда ол өз әкесімен салыстырғанда әлдеқайда нашар саясаткер болып шықты. Ол әкесі қалдырған тұрақты билікті сақтап қоя алдамы. Елде ханаралық соғыс басталды. Бар болғаны 2 жылдан кейін 1523 жылы Әдік сұлтанның ұлы Тахир сұлтан Мамаш ханнан билікті тартып алды. Бірақ бұл да елеулі нәтиже берген жоқ, ел әлі де ханаралық соғысының зардабын шегіп жүр. 1533 жылы Тахир хан қайтыс болып, елде ханаралық соғыс өз жалғасын тапты. 1533 жылдан бастап хандық үшке бөлінді: Батыс, Орталық және Шығыс. Хандықтың батыс бөлігіне Сыр елі жатты, және оның ханы Ахмет хан болды. Хандықтың орталық бөлігіне Шаш елі жатты, және оның ханы Әдік сұлтан ұлы Тоғым хан болды. Хандықтың шығыс бөлігіне Жетісу жатты, және оның ханы Әдік сұлтан ұлы Бұйдаш хан болды. Ханаралық соғысқа 10-ға жуық хан қатысты, бірақ жеңімпаз болып Қасым хан ұлы Хақназар сұлтан атанады.

Ханаралық соғыс заманы 1521-1538 жылдары 17 жылға созылды.

  1. Жандану заманы.

Ханаралық соғыста Хақназар сұлтан жеңіспаз болып шығып, 1538 жылы елде хандық орнатты. Хақназар хан мақсаты әкесі Қасым хан жиған-терген билікті қайтару болды. Сол үшін оған қазіргі Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан жерлерін қайта басып алу керек болды. Хақназар 1579 жылы Түркістан, Сауран, оңтүстік өңірдегі тағы біраз қоныстарды қайтарды. Осыған байланысты Хақназар хан «қазақтар, қырғыздар мен ноғайлардың патшасы» деп аталды. 1580 жылы 23 сәуір Хақназар хан шайқас алаңында қаза табады. Осылайша ол елде 42 жыл хандық құрады, бұл қазақ хандары арасындағы ең ұзақ билік. Хақназар хан көреген саясаткер, мықты сардар, ержүрек батыр ретінде тарихта өшпес із қалдырды. 1580 жылы Хақназар хан өмірден озғаннан кейін, билер мен сұлтандар келесі хан етіп Жәдік сұлтан ұлы Шығай сұлтанды сайлайды.

1581 жылы маусымда Шығай хан ұлдарымен II Абдолла хан ордасына келді, ал II Абдолла хан оған сый-сыяпат көрсетіп, иқта ретінде Шығай ханға Қожант жерін тарту етеді. 1582 жылы маусымда Тәуекел сұлтан Түркістан түбінде Ташкент уәлаятының әмірі Баба сұлтанның басын шауып, II Абдолла ханға әкеледі. Ортақ жауы жойылуына риза болған II Абдолла хан Тәуекел сұлтанға Самарқан маңындағы Африкент уәлаятын тарту етеді. Жасы келген Шығай хан (жасы 80-де болды) тек 2 жыл ел билеп, 1582 жылы қайтыс болады. Жандану заманы 1538-1582 жылдары 44 жылға созылды.

  1. Күшею заманы. 1582 жылы Шығай хан дүниеден озып, тақ оның үлкен баласы Тәуекел сұлтанға өтеді. Тәуекел хан Шығай хан заманынан бері халыққа мықты қолбасшы ретінде әйгілі болды. Себебі, ол әкесі билігінің тұсында Баба сұлтанның басын шауып, әскерін талқандады. Кезінде Тәуекел ханға сюзерен болып саналған II Абдолла хан 1598 жылы ақпанда Тәуекел ханмен болған шайқаста қайтыс болады, ал әскері талқандалады. Хан өлгеннен кейін өзбектерде саяси дағдарысқа ұшырайды. Осыны пайдаланған Тәуекел хан аз уақыттың ішінде Түркістанды, Ташкентті, Ферғананы алды. Тәуекел хан мүмкіндікті тағы пайдаланып, 200 мың әскерімен Мәуереннахрға басып кіріп, Ахси, Әндіжан, Самарқан қалаларын жаулап алды. Інісі Есім сұлтанды 20-30 мыңмен Самарқанда қалдырып, өзі 70-80 мыңмен Бұхараны қоршауға алды. Бұл қоршау 20 күнге созылды. Шайқаста Тәуекел хан ауыр жарақат алып, Ташкентке қайтып келгенде қайтыс болады. Билік оның інісі Есім сұлтанға өтеді. Ол тарихта Еңсегей бойлы Ер Есім хан атымен белгілі. Оның тұсында хандық әрі қарай дамып, өрлеп, күшейіп, шарықтау шыңына шығады. Саясат, сауда байланыстары дамыды. Әскер саны 400 мыңға жетті. Есім хан тұсындағы ең маңызды оқиға — «Есім ханның ескі жолы» атты заң жинағы қабылдануы. Бұл заң жинағы оның ізашарлары Шыңғыс ханның «Жасағы» мен «Қасым ханның қасқа жолы» атты заң жинақтарының толықтырылуы мен жетілдірілуі болып есептеледі.

1627 жылы Ташкент уәлиәтінің әмірі Тұрсын хан Түркістанды шауып, Есім ханға соғыс ашты. Соғыстың шешуші шайқасы Сайрам түбінде өтті. Онда Есім хан Тұрсын ханды жеңіп, әскерін ойрандады. Тұрсын хан Ташкентке қашып, тығылды. Ақыры Есім хан Ташкентті басып алған соң Тұрсын ханның басын шауып, қатаған руын толығымен жойды.

Күшею заманы 1582-1643 жылдары 61 жылға созылды.

  1. Жоңғар шапқыншылығының заманы. 1635 жылы Жоңғар Хандығын құрылды. Хандық құрылғаннан бері жоңғар қонтайшыларының ең басты мақсаты: көрші елдерді жаулап, сонда тұрған халықтарды бодан ету. Олар, алдымен, Шығыс Түркістан жаулаыд. Енді жоңғарлар өз экспансиясын шығыс жаққа жалғастыру мақсатында бар әскерін Орталық Азиядағы елдерге қарсы қойды. 1643 жылы Батыр қонтайшы бастаған 50 мыңдық жоңғар әскері Жетісуге басып кірді. Сол кездегі қазақтың ұлы ханы Жәңгір ханға хабар кеш жетіп, ол бар болғаны 300 жауынгер ғана жинауға үлгерді. Жолда Самарқан басшысы Жалаңтөс баһадүрге елші жіберіп, көмек сұрайды. Халықтың қамын ойлаған Жәңгір хан халық үшін 300 жауынгермен 50 000 жауынгерге қарсы шайқас ұйымдастыруға қорықпады. Шайқас Орбұлақ өзенінің маңында өтті. Шайқаста Жәңгір ханның 600 жауынгері және оларға кейін қосылған Жалаңтөс баһадүрдің 20 мыңдық әскері Батыр қонтайшы бастаған 50 мыңдық жоңғар әскерін жеңді. 1723 жыл қазақ халқы тарихындағы ең ауыр да қасіретті жыл болып есептеледі. Себебі, сол жылы қазақтар қоныстарынан, малдарынан, мүліктерінен айырып, елде үлкен жұт, ашаршылық және дағдарыс болды. Қазақ халқына құрып кету қаупі төнді. Енді қазақ халқы бірігуге бар күшін сала бастады. Бұл оқиға «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталып, тарихта мәңгі қалды.

1726 жылы Ордабасыда үлкен құрылтай өтті. Құрылтайда қазақ жүздерінің бірігуі туралы шешім қабылданды, және Кіші жүз ханы Әбілқайыр хан қазақ әскерінің бас қолбасшысы болып сайланды.

1727 жылы жаңадан біріккен қазақ әскері Бұланты өзені маңындағы Қарасиыр деген жерінде жоңғарларды тас талқан етті. Шайқас өткен жер қазіргі кезде Қалмаққырылған деген атауға ие болды. Бұл жеңіс әскердің, халықтың рухын көтеріп, өз күшіне сенуге жігерендірді.

1730 жылы рухы биік қазақ әскері ішкі тартыстардан қажыған жоңғар әскерін тағы мәрте жеңді. Шайқас Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Анырақай деген жерде өтті. Бұл шайқасты жеңгеннен кейін қазақтар бірсыпыра жерді жоңғарлардан қайтарып алды. Жоңғар шапқыншылығының заманы 1643-1758 жылдары 115 жылға созылды.

  1. Тыныштық заманы. 1758 жылдан бастап жоңғарлар қазақ жеріне басып кіруін тоқтатты. Осыдан бастап қазақ жерінде тек кішігірім шайқастар ғана болып жатты. 1771 жылы Әбілмәмбет хан өмірден озды. Бурабайда өткен құрылтайда сұлтандар мен рубасылар Абылайды ұлы хан етіп сайлайды. Абылай хан көршілес елдермен достық қарым-қатынаста болуға ұмтылды. Әсіресе екі үстем көрші Ресеймен және Қытаймен қатынысты нығайтты. Осы екі ел Абылай ханды Қазақ Хандығының ұлы ханы ретінде құжат жүзінде мойындады. Абылай билігі күшейе түсті. Оның беделінен қауіптенген патша үкіметі Абылайды патша үкіметіне бағынуды талап етеді. Абылай хан бұл талаптан бас тартты. Бірақ Ресей отарлаушы күшімен шайқасуға оның шамасы жетпеді. 1778 жылы II Екатерина Абылай ханды тек Орта жүздің ханы етіп бекітеді. Тыныштық заманы 1758-1781 жылдары 23 жылға созылды.
  2. Көтерілістер заманы. 1781 жылы Абылай хан дүниеден өтті. Хандық қайта үш жүзге бөліне бастады. Бұны пайдаланған патша үкіметі қазақ жерін жаулауға әрекеттер жасады. Соған байланысты қазақтар көтерілістер жасай бастады:

— 1783-1797 жылдары Сырым Датұлы патша үкіметіне қарсы көтеріліс жасады.

— 1836-1838 жылдары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған қазақтар Бөкей Ордасына қарсы көтеріліс жасады. 1837 жылы Кенесары Қасымұлы халықтың, әскердің және сұлтандардың қолдауымен қазақ тарихындағы ең ірі ұлт-азаттық көтерілісті бастады. Көтерілістің негізгі мақсаты — қазақтың этникалық аумағын біріктіру. 1838 жылы Кенесары сұлтан Ақмола бекінісін өрттеді. Көп кешікпей көтерілісшілер Торғай жаққа бағыт алды. 1841 жылы Торғай өзенінің маңында өткен құрылтайда үш жүздің өкілдері Кенесары сұлтанды Қазақ Хандығының ханы етіп сайлады. 1841 жылы көтерілісшілер Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт, Жүлек бекіністерін қоршады. Кене ханның Бұхар әмірімен және Хиуа ханымен қарым-қатынасы нығая түсті. Хиуа ханы кейде қазақ көтерілісшілерін зеңбіректермен, оқ-дәрімен қамтамасыз етіп отырды. Патша үкіметі көтіріліске қарсы мықтап күресу керек деп шешті. Бұл шешімге I Николай қол қойды. Әуелі әскери старшина Лебедев 300 адамдық отряд дайындады, кейін әскер саны 1900-ге жетті. Ахмет сұлтан мен Баймағанбет сұлтан басқарған екінші топ жасақталды.

Патша үкіметі Кенесары ханды Орынбордан ығыстыруға тырысады. Сондықтан орыстар Сыр елінде бірнеше бекіністі салады. Екі жақтан қоршалған Кенесары хан амалсыз көтеріліс орталығын Орта жүзден Ұлы жүзге көшіреді. 1846 жылы Кене хан атасы Абылай ханның бодандары болған қырғыздарға билігін орнату мақсатында оларға өзіне бағынуды талап етеді. Алайда Арман хан бастаған қырғыз сұлтандары оған келісім бермейді. Кенесары хан бұған ыза болып, оларға күшпен билік орнату үшін қырғыздардың иеліктеріне басып кіреді. 1847 жылдың сәуірінде Майтөбедегі Кекілік Сеңгір деген жерде өткен шайқаста Кенесары хан 32 сұлтандармен ұсталып, үш күннен кейін жазаға тартылды.

Көтерілістер заманы 1781-1847 жылдары 66 жылға созылды.

Осылайша Қазақ Хандығының тарихы Керей мен Жәнібектен Кенесарыға дейін «Алаш жолы» аяқталады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан тарихы. «Мектеп» баспасы. 2015 жыл
  2. Қазақстан тарихы әдістемелік журнал. 2016 жыл №8
  3. «ХҮІ Сәтбаев оқулары» жинақ 2016 жыл 1 том

 

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің email-ңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

*