Обложка I жинак-100

«Әулиекөлдің» әулиелік қасиеті Кульмаганбетова Р.А. №18 ЖОББМ-КММ-нің тарих пәні мұғалімі, Екібастұз қаласы Болат Данагүл, Шалбай Тахмина 7 «а» лицей сынып оқушылары №18 ЖОББМ-КММ, Екібастұз қаласы

«Әулиекөлдің» әулиелік қасиеті

Кульмаганбетова Р.А.

№18 ЖОББМ-КММ-нің тарих пәні мұғалімі, Екібастұз қаласы

Болат Данагүл, Шалбай Тахмина

7 «а» лицей сынып оқушылары №18 ЖОББМ-КММ, Екібастұз қаласы

       Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы-2050: «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Қазақстан халқына жолдауында жаңа жүйеқұрушы «Мәңгілік ел» құндылығын жалпыұлттық патриоттық идеясы ретінде ұсынған болатын. Көшбасшылық қасиеттері бар азамат және патриот қалыптастыру мақсатында білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығында ұлт жоспарын жүзеге асыруды бастағанын түсіндіре отырып, әрбір оқушының бойында өз Отаны үшін мақтаныш сезімін қалыптастыру. Осы орайда Қазақ халқының салт-дәстүрін және мәдени құндылықтарын түсіндіру бойынша өлкетану және туристік экспедициялар ұйымдастыру да тапсырылған болатын.

Жүйрігі ән мен жырдың желдей ескен,

Қорланға қолы жетпей қайғы кешкен.

Өшпейтін ізі қалған топырағында,

Естайдың ауылы осы кіндік кескен,- деп үлкен талант иесі, өнердегі қайталанбас тұлғаға арнап көше бойына орнатылған ескерткіші бар Екібастұз өңіріндегі Әулиелі мекен Қаражар ауылы жайлы бірі білсе, екінші бірі біле бермесі анық. Олай дейтініміз қатпарлы тарихты Қаражар даласы осы жерді мекендеген ежелгі қауым мәдениетін құшағына алып жатыр. Осындай өз жерінің тарихы қызықтырған оқушыларымыз Болат Данагүл мен Шалбай Тахмина 7 «а» лицей сынып оқушылары №18 мектеп «Әулиекөлдің әулиелік тарихын» зерттеу жұмысын қолға алды. Ауыл тұрғыны Тәшімов Әбжан Кәкен ұлы мен ұстаз Балтенова Үміт Мүбаракқызы  оқушыларға барлық мән – жайды толық баяндап берді.  Қазақ елінің тарихын білу, өзің тұрған өңірдің тарихын білуден басталады емес пе? Он бес үйлік тұрғыны бар ауылдың, он бес ғасырлық тарихы бар.  Тарихты оқу бір басқа, ал барып көру бір бөлек дүние. Ескі заманның ескерткіштері соңғы жылдары өңірдегі археологиялық зерттеу жұмыстары барысында жаңа құнды жәдігерлерді тауып, тарихымызды танып – білуде орасан зор үлес қосуда. 2006 жылдан бастап Ә.Х.Марғұлан атындағы археологиялық институт және Павлодар педагогикалық институтының Тимур Смағұлов бастаған археологиялық экспедициясы осы жердегі ортағасырлық ескерткіштер топтамасында қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Зерттеу барысында табылған үш қорғанның өзіндік ерекшеліктері де зерттеліп, ХІҮ-ХҮ ғасырларға тән екендігі анықталған. Ал аумағы ат шаптырым кесене орнынан табылған кірпіш қабырғалары мен өзі қираса да қаңқасы қалған пештер назар аударарлықтай.

-Әулиекөл маңындағы қазба жұмыстары тарихқа басқаша қарауға мүмкіндік берді,- деп баға берген археолог Тимур Смағұлов. Осы жерді мекен еткен халық ерекше өнер мен білім иесі ғана емес, кәсіп иесі болғандығын да дәл осы жерден табылған балық сүйектері мен балық аулайтын құрал бөлшектері айғақтайды. Міне біз зерттей келген Әулиекөлдің әулиелік қасиеті де осында емес пе? Түйте әулие түнеген мекені әулиелігімен қатар, халықтың несібесіне айналып отыр.Сан ғасырлар бойы балық пен құс аулауды кәсіп еткен тұрғындар, әлі күнге дейін сол кәсіпті жалғастыруда. Ауыл тұрғындары өз нәпақасын тауып отыр десек те артық айтқандық емес. Сонау ашаршылық жылдардың өзінде (ата-бабаларымыз) осы жердің тұрғындары аман қалған екен. Осы күні халық жұмысты қайдан тауып күн көрсем деген заманда ауыл тұрғындарына Алланың берген ырыздығы. Бұл кәсіп бүгінде ерінбеген адамның ермегіне емес, күн –көрістің көзіне айналып отыр. Күніне 100-200 кг бастап 1 тоннаға дейін түсетін балық пен құстың неше атасын кездестіруге болады. Бұл табиғи таза өнім. Ұқсатымды тұрғындар ас қылса да, тапсырса да, өз пайдасына жарата білуде. Қазіргідей жалданып жұмыс істеудің де қажеті жоқ.  Біздің ата-қонысымыздың жері осындай құнды жәдігерлерге бай – деп сөзін жалғастырды ауыл тұрғыны Әбжан Кәкенұлы.

Әулиекөл тоғыз көлдің ең үлкені. Көктемде Өлеңті өзені арнасынан асып, Әулиекөлді, Бәсентиін, Қылдыкөл, Сасықкөл, Өмірзақ, Бозайғыр, Ащыкөл, Көктөбе, Тоққылы деп аталатын тоғыз көлді суға толтырады. Көлдердің суы жиектен аса жайылып барып, ақ сағымдай суға толы аппақ көлге айналса керек. Осы керемет көрініске таңқалған ауылдықтар «Ақкөл-жайылма» содан жайылма деп аталған деседі.

Түйте әулиенің көктемгі қонысы мен күздегі қонысы Шідерті өзенінің жайылған жері – Ақкөл Жайылмада болған. Түйте әулие қоныс қылуына байланысты Ақкөл-Жайылмадағы тоғыз көлдің бірі оның құрметіне ертеден Әулиекөл деп аталған.Түйте әулиеге арнап орнатылған тас Әулиекөлдің жағасында. Көнеден көнеріп жеткен ел ішіндегі ескі аңызға сенсек, Түйте әулие өз елінің көшін бастап келе жатқанда, көлді жағалай жайлап отырған қалың елге кездеседі. Алыс жолдан шаршаған көшті дамылдатып, біраз уақыт тынықтыруға рұқсат сұрап, сол елге елші аттандырады. Сөйтсе, бұл Қанжығалы Көлебе батырдың ауылы екен. Ол көштің аялдауына ықылас білдірмейді. Сонда батырға жолығуға Түйте әулие өзі келіпті. Екеуара әңгіме барысында ер Көлебе: «Әулие болсаңыз, астымдағы атымды шідерсіз шідірлеп беріңізші» -деген екен. Түйте тұлпардың құйрығынан қыл суырып алып, аяғын орап тастайды.Тұлпар тырп етпейді.Түйтенің жай кісі еместігін түсінген Көлебе оны үйіне түсіріп, қонақ қылады. Азанда оянып қараса, аты тапжылмай, шідерленген орнында жайылып тұр.Тәнті болған батыр: «Сіз шын әулие екенсіз. Біздің ауыл үстінен өткенініңіздің белгісі болсын»,-деп, тас шығатын Тастақ деген жерден бір дәу көтеріп әкеліп, ат тұсаулы тұрған жерге қадапты. Разы болған Түйте әулие батыр үйінің жанына қолынан таяғын шанышқан екен. Осы таяқ жайқалып үлкен ағаш болып өсіп шығыпты.

Түйте әулие қайда жерленген?

Ұрпағының қамын ойлап, жеті атасынан асқанша қыз алып, қыз беріспейтін қазақ халқынын ежелден қалыптасқан дәстүрлерінін бірі — шежіре тарату. Жеті атасын білмегенді “жетесіз” деп сөккен жұртымыз шежіре мен тарихты қашанда сабақтас деп ұққан.себебі келе жатқан ата-бабалар тарихы. Әр қазақ өз ата-бабасынын өмірде жасаған ғибратты істерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сол арқылы тектілік, ұлттық тәрбие мирас етілген. Жеті атасын білу әрбір қазақтың міндеті деп есептелген.

Қазіргі таңда түп-тегіңді білу, бабалар тарихын зерделеу, ағайын-туысқа бір әулеттін жалғасымыз деген сезіммен қарап, араласып-құраласып тұру үшін әр өңірде ру-тайпалардын шежіре кітаптары жарық көріп жатқаны шындық. Сондай-ақ, осы шежірелерді заманында есімдері ел арасында кең тараған, атақтары дүйім жұртқа жайылған тұлғалы адамдар жайында көп жазылатыны белгілі. Кеңес үкіметі тұсында шежіреге ескіліктің қалдығы деген көзқарас болып, ата тарихымызды өшіріп ала жаздадық.

Ұрпақ сабақтастығы үзіліп, тарихи тұлғаларымызды ұмыттық.Сондықтан да осы кісілердің бүгінгі ықыласты ұрпақтары ата-баба тарихын зерттеп,түрі шапағатты шаруаларды атқарап жатқаны көңіл қуантады. Міне, осындай игілікті іс биылғы жылы Бегендік-Қозған руындағы Түйте Әулие Дүйсенұлының рухына арналып, ұрпақтары тарапынан басталғалы тұр.Заманда ауырған адамның тамырын ұстап, ем-домын жасайтын тәуіп атамыздын бейітін қарайтып,басына кесене-мазар орнату ниетіндеміз. Қазақ шежіресінің білгірі Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазбаларына сүйеніп, жергілікті көпті көрген қариялардың айтуымен,2007 жылдың 9-11 тамыз күндері Байсары ауылының жанындағы әулие ата бейітінің басында ас беріліп, белгі қойылды.Бірақ анықтап алуға тиісті біраз жағдайлар шығып, мазар көтеру тоқтап қалды.Бұл жөнінде осы мақала барысында жазамыз.Қазір осы мәселелер оң шешіліп, биылғы жаз шаруа басталғалы отыр.

Енді Түйте әулие жайлы бүгінгі кунге дейін жеткен жазбаша және ауызша деректерге тоқталып, назар салайық! Мәшһүр Жүсіптің “Қазақ шежіресі” кітабында мынадай дерек айтылды:” …Асаубайдың кенжесі Бәзіл қажы атанған.Қыстауы Сілетіде, Ешкіөлместе. Бәзіл қажыдан – Ғұбайдұлла, Бопкен. Бопкен балалары-Жиіпалла,Нұрхамит.Бұл екі баланың қара орманын сыпырып алып,Ғұбайдолланы Омбыға,Бопкенді Семейге жер аударған. Бұл Бопкен Семей барамын деп, Қызылтау баурайында атын ұрлатып, жаяулап қайтып, Ескелдіде отырған, құдай рахмет қылсын, Мәшһүр Жүсіпке кез болып, ол: ”Қатын-балаңды тауып ал”,-деп бір шабдар атты басыбайлы өзінікі қылып мінгізіп қоя береді.Сол Бопкен      айтты:”Қозғаннан шыққан Түйте тәуіптін моласы біздің қысты күнгі қотанымызда,-деп.-Үстіне ағаш шыққан,шеңгел де шыққан. Ағаштын Жасаған моласы бар. Бұл күнге дейін тозған жоқ,құлаған жоқ”,-деді”.

Сонымен қатар,әулие атамыз туралы Мәшекен жазбаларында тағы да мынадай деректер бар:”Түйте тәуіптің қонысы әулиелі Қызылтауда,жын перімен алысқан жеріне әлі күнге шейін шөп шықпайды көктеуір мен күзеуі Шідерті өзенінің жайылған жері Ақкөл-Жайылмада  Қаражар,Күрен бие жеген жер, жұрт осы кұні Әулиелі Ақкөл деп жүр.Сол Түйте тәуіп қоныс қылған соң,Әулиелі Ақкөл деп атайды да,өзі жайлауды Сілеті бойында, Ешкіөлмес жиырма бес шақырым, Керей Бәзіл Қажының ауылында дүниеден өткен.Зиратын ағаштан қиып салған екен басында барып дұға қылдым”-деп жазады. “Қозғаннан шыққан Түйте тәуіп қыстауы Қызылтауда, Жосалы деген жерде.Таң намазын сол жерде оқып, бес намазды бір дәретпен оқып,бесін намазын үйінде оқып,өмір бойы әдет қылған дейді. Ақкөлдің “Әулиелі   Ақкөл” атанғаны сондықтан екен. Бұл Қозғаннан шыққан Түйте тәуіптің моласы – Сілеті бойында Ешкіөлместен жиырма бес   шақырым төмен, Жебекке Ақыл тау ұрпағының қотанында, бас жағына қараған, аяқ жағына тікен шыққан. Моласын өзі көзі тірі күнінде ағашатан қиыдырып жасатқан екен. Басына түнеп, балалы болғандар көп дейді. Ақыл шөбересі, Асаубай немересі, Бәзіл қажы баласы Бопкен сөйлейді. Өзіне Қаракесек деген елден тоқсан қатын келіпті бала сұрап, бәріне де бірдеме депті, бір қатын құр қалыпты. Ол қатын назаланып жылап: «Осынша қатын бәрі алғанда, құдайдың сүймес пендесі мен болғаныма көзіңіз жеттіме?» — деп, жылап қоя берегн соң, Түйте әулие: «Бара бер, бердім!» — депті. Сол бала Жарылғап Ақтанберді баласы Жанысбай болған екен деседі». Шежіреші Мәшекең Түйте әулие жайында өз жазбаларында осылайша ой түйіпті. Осы дәйексөздер әулие зиратының Сілеті бойында екенін көрсетеді. Дегенмен де, ел аузындағы кейбір әңгімелер мен мұрағаттық құжаттар Түйте әулие зираты Әулиекөлдің жағасында екені айтылады. Төменде жазылған анықтама алуға тиісті жайыттар осындай. Енді соларға тоқталайық. Көнеден көнеріп жеткен ел ішіндегі ескі аңыз-әңгімеоерге құлақ түрсек, Түйте әулие өз елінің көшін бастап келе жатқанда, көлді жағалай жайлап отырған қалың елеге кездеседі. Алыс жолдан шаршаған көшті дамылдатып, біраз уақыт тынықтыруға рұқсат сұрап, сол елге елші аттандырады. Сөйтсе, бұл Қанжығалы Көлебе батырдың ауылы екен. Ол көштің аялдауына ықылас білдірмейді. Сонда батырға жолығуға Түйте әулие өзі келіпті. Екеуара әңгіме барысында ер Көлебе: «Әулие болсаңыз, астымдағы атымды шідерсіз шідерлеп беріңізші!» -деген екен. Түйте тұлпардың құйрығынан қыл суырыпалып, аяғын орап тастайды. Тұлпар тырп етпейді. Түйтенің жай кісі еместігін түсінген Көлебе оны үйіне түсіріп, қонақ қылады. Азанда оянып қараса, аты тап-жылмай, шідерленген орнында жайылып тұр. Тәнті болған батыр: «Сіз шын әулие екенсіз. Біздің ауыл үстінен өткеніңіздің белгісі болсын», -деп, бір дәу тасты көтеріп әкеліп, ат тұсаулы болған тұрған жерге қадапты. Разы болған Түйте әулие батыр үйінің жолына қолыңдағы таяғын шанышқан екен. Осы таяқ жайқалыпүлкен ағаш болып өсіп шығыпты-мыс.Жергілікті тұрғындар айтылған аңыз желісі бойынша бұл жерді қасиетті орынға балап, қоршап қойған. Адамдар арнайы ат басын бұрып, тәу ете бастаған. Сапарлап келе жатқан жолаушылар тиын-тебен тасатап, «жолымыз ашылады» деп ырымдаған. Түрлі мұрағаттық құжаттармен жұмыс жасап, тер төккен ұзақ ізденістерден кейін өлкетанушы Дәурен Аяшинов  біздің өлкенің тарихы туралы өте қызықты материалдармен танысуға сәті түсті. Ресей империясы Сібір генерал-губернаторлығының гинералдық штаб офицерлері құрған өте сирек кездесетін топографиялық карталардың және 1830 жылдардан бастап халықты тіркеу, мал басы иелерінің тізімі құжаттары зор маңызға ие. Құжаттармен танысу барысында Түйтенің генеологиялық кестесі, яғни, шежіресі анықталды: Түйте-Дүйсен-Таласпай-Шүрен-Жиенәлі-Ораз-Тәңірберді-Қозған(Оразгелді)-Бегендік.Мал басы иелерінің тізімі құжаттарында 1835-1854 жылдары Түйтеұлы Байбөрі, ағалары Сасық, Еділ, Дүйсеновтер Шүрен бөлімшесімен Баянауылдан қырық шақырымдағы Ақшоқы, Қаратас және Жосалыны қыстайтыны жазылған. 1866 жылғы Елубай Байбөріұлы туралы дерек бар.    Әулиелігі елге тараған, тарихы тастан басталған, көлінде балық ойнаған, көгінде құсы сайраған, өшпейтін ізін қалдырған Естай ауылының тарихы әлі талай ғасырлар бойы тарихтан өз орнын алып, жаңа бетпарақтарды ашпақ.

 

Әдебиеттер тізімі:

  1. Отарқа газеті 29.07.2010 жыл №31
  2. Отарқа газеті 1.03.2012 жыл №9
  3. Қазақстан тарихы әдістемелік журнал 2014 жыл 9
  4. Қазақстан тарихы әдістемелік журнал 2015 жыл 4

 

Пікір қалдыру

Сіздің email-ңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

*