Биман Әділхан Қайратұлы

«Менің әкем осындай!»

Атырау облысы, Атырау қаласы

Жалпы білім беретін

№6 орта мектептің

4 «В» сынып оқушысы

Биман Әділхан Қайратұлы

 

 

Эссе

«Менің  әкем осындай!»

 

Менің Қазақстан Республикасы Атырау облысының Атырау қаласында  тату-тәтті елде, бақытты отбасында дүниеге келгеніме Аллаға сансыз шүкіршілік айтамын. Қаншама балалар ата-анасының мейірімісіз  тастанды атанып, жетім балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Өмірде әкесін білмей, оның қамқорлығына  зәру  балаларда өсіп келе жатыр. Қоғамда небір әкелер туған балаларына дұрыс тәрбие бере алмай,  зорлық – зомбылық көрсетіп, теріс ағымдардың жетегінде кетіп жатқандар да кездеседі. Ішкені арақ, тартқаны темекі, аузын ашса боқ сөз, ешкімге қадірі жоқ, өздерін мүсәпір, бейшара күйге жеткізген  әкелер де жеткілікті. Қартайған да баларын сағынып, немерелерін көре алмай қарттықты өз шаңырағынан жырақта,  қарттар үйінде  өмір сүріп жатқан әкелер, аталар да көп.

 

Мен әкемнің әкесі  Биман атам  туралы айтып кеткім  келіп тұр. Атамды көрмесем де, оның қандай адам болғанын, ауылдағы кез келген адам айтып бере алады. Атам — адал, ешкімнің ала жібін аттамаған, еңбеққор, қарапайым, шебер, аңшы, балықшы  кісі болған. Зарығып күткен перзентін 53 жасында көріп, қартайғанда туған балам қайратым болсын деп есімін Қайрат деп  қойған.

Жазмыштан – озмыш жоқ дегендей, атам он жылдан кейін дүние салған. Бірақ, сол он жыл ішінде  кіндіктен тараған жалғыз баласына барлық өзінің бойындағы жақсы жақтарын, өнерін  үйретіп, ақылын айтып кеткен. Ең бастысы  адалдыққа, имандылыққа, қарапайымдылыққа, еңбекқорлыққа  көп көңіл бөлген.

Әкем әкесі туралы айтқанда, кей кездерде қиналғанда, қуанғанда қасында әкесінің болмағанына өкінетінін, оның әкесіне деген мәңгілік сағынышын  әрдайым көзінен көремін. Ондай кезде өзім әкемнің мойнынан қатты құшақтап, құмарлана искеп, жұбатуға жарағаныма қуанамын.

Ал менің есімімді әкем алдағы уақытта тек әділдік болсын, өзінің басынан өткен өмірі енді қайталанбасын,  баламның өмірі жарқын болсын,  аңсаған армандарым мен тілеген тілектерімді Алла тағала қабыл етсін деп, еліне елеулі, халқына  қалаулы, ең бастысы  ел басқарған әділ хандар сияқты  жақсы азмат болсын деген ниетпен  Әділхан деп өзі қойған.

 

Әкем асқар тауым, тірегім, баға жетпес асыл қазынам….

 

Менің әкем нар тұлғалы азамат, адамзаттың асылы. Иманды, сабырлы, жоғары білімді, өз ісінің үздік маманы, тәрбиелі, көрегенді, ағайынына, жанұясына, достарына, қоршаған ортасына  әр кезде қол ұшын беруге дайын, Отанына адал жан. Отбасымызда  әкемнің орны бөлек. Әкем өз міндетін  шаңырағының бар ауыртпалығын көтеру, асырап-бағу, жақсы тәлім-тәрбие беру деп санайды .

Әкенің  қамқорлығы дегенді мен – отбасы мүшелерін әртүрлі пәле-жаладан қорғап отыратын қасиетті ұғым деп түсінемін. Сондықтан әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау әрбір баланың парызы деп білемін. Сол себепті  әкеден алған тәрбие де салиқалы болмақ. Әкеден артық дана жоқ, әкеден артық пана жоқ. Ол тек бір отбасымыздың  ғана емес, ауылдың, рудың қамқоршысы, ел ағасы. Мен өмірге келген күннен бері әрбір сәтті қадамым әкем үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш.

Сондықтан да әке ақылымен жүру, ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешу мен үшін  жақсы болашаққа ғана әкеледі. «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну» депті Мұхаммед пайғамбарымыз. 1001 хадисте әркімге өзінің  ата-бабасы әулие деп бекер айтылмаған. Демек, әкені ренжітпей оның айтқанынан, көңілінен  шығып отыру  мен үшін маңызды екенін білемін.

Менің асыл  анам әкемді сыйлап, оған қарсы сөйлемеуге, әдепсіздік көрсетпеуге, құрметтеуге бейімдеп отырады. «Әкең ренжіп қалар», «Әкең жіберсе, бара ғой», «Әкеңе барып сәлем бер», «Әкеңнің керегін дайында, көмектес» деп әкеге құрмет, қызмет етуге ес білгеннен бері үйретіп  келеді.

Сол себепті менің отбасымда әрдайым тәртіп, ынтымақ пен бірлік бар. Әкем мені намысшылдыққа,  адал  еңбек етіп, өмір сүруге баулып отырады.

Әкем мен анамның арасындағы бір-біріне деген сезімінің арқасында мен өзімді бақытты жанұяда дүниеге келіп, олардың қолдауымен  болашағыма үлкен мақсаттар мен армандарға қол жеткіземін деп нық сенемін.

 

 

Қолыңнан келсе жақсылық жаса, өтірік айтпа, адал қызмет жаса, абыройыңды ойла, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсет, тәрбиелі, саналы, білімді, өнерлі бол  деп  айтады. Мен үшін әкемнің айтқан барлық сөздері ең үлкен Заң болып есептеледі.

Әкемің мейірімі мен талап қойғыштығы, еңбексүйгіштігі, шеберлігі менің тәрбиеме берер ықпалы көп. Әкем өз білгенін маған байыппен, шыдамдылықпен үйретіп отырады. Сол үшін әкемді әр уақытта зор  мақтаныш етемін, пір тұтамын. Адам өзінің еккен егінінің жемісін көреді демекші, мен өмірдің барлық тауқыметін,  ащысын да тұщысын да көрген әкеме алдағы  уақытта  тек қана жақсылығымды, қуанышымды, жетістіктерімді көрсетуге бар күш-жігерімді, зейінімді, білімімді аямаймын деп  уәде беремін.

Қуансаң қуана бер әкетайым, мен сенің өміріңнің жалғасымын….

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің email-ңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

*