Санақ Ақжүніс, Санаққызы Айман

«Мектептен шыққан қос лауреат»

«Мектептен шыққан қос лауреат»

                                                   

Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Құттықожа

ауылы №164 орта мектебінің 8-сынып оқушысы

Өмірбек Жанна Садықбекқызы

 

 

2016 жылдың 24-29 қаңтар аралығында Алматы қаласы Қазақстан Жазушылар Одағының Концерт залында «Ғұмырдария» балалар мен жасөспірімдер  орталығының ұйымдастыруымен  «Жырлайды жүрек»  Мұқағали Мақатаевтың туылғанына 

85 жыл толуына байланысты өлеңдеріне жазылған әндерден және ақынның өлеңдерін оқудан сегізінші Республикалық ән-би байқауы  өтті.    

Байқаудың мақсаты: Ақиық ақынның жыр-әндерін болашақ ұрпақтың жүрегіне жеткізе отырып дарынды жастар тәрбиелеу; ел болашағы саналатын жастарға қолдау жасап, шығармашылық деңгейлерін көтеру; жас ақын балалардың шығармашылығын дамыту, өлең оқудағы шеберлігін шыңдау. би өнерін дамыту болатын.

Байқау бес жанр  бойынша өтті:

көркем сөз;

 вокал (академиялық, эстрадалық, халықтық); вокалды топ;

дәстүрлі ән;

хореография (жеке би);

бейнелеу өнері.

Байқауға қатысатын балалардың жас ерекшеліктеріне де мән берілген.

— Бүлдіршін топ (5-7 жас аралығы)

— Кіші топ (8-10 жас аралығы)

— Орта топ (11-13 жас аралығы)

— Жасөспірім топ (14-16 жас аралығы)

— Жоғарғы топ (17-19 жас аралығы)

Аталмыш байқауға Құттықожа ауылынан №164 орта мектебінің 5-сынып оқушылары Санаққызы Айман мен Санақ Ақжүніс Жасұланқызы да поэзия әлеміне деген сүйіспеншілігін шыңдай отырып, өздерінің репертуарына ақиық ақынның өлеңдерін жатқа мәнерлеп айтып,  көпшілік көрермендер мен әділ-қазылар алқасының жүрегінен орын ала білді. Әділқазылар алқасының төрағасы – ҚР-ның «Кино қайраткері», ҚР кинематографиясының үздігі, профессор –Шаяхмет Имашұлы; М.Мақатаев атындағы қордың президенті —Айдарова Бақыткүл Мұқағали келіні; Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын – Бақыт Беделхан; «Қазақ» радиосының журналисі, ақын –Гүлбағыш Бостанқызы; Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,ақын –Мақпал Мыса төрелік етті. Ұстаздарының берген тәлім-тәрбиесі мен ата-аналарынан алған өнеге-өсиеттерінің арқасында көркем сөз оқу өнерін киелі  сахна төрінде өздеріне деген сенімділік пен шынайылықтың нышанын аңғарта отырып, жүлделі 3-орындарды қанжығаларына байлап, ҮІІІ Республикалық «Жырлайды жүрек» атты М.Мақатаевтың өлеңдерін оқудан және өлеңіне жазылған әндерден балалар арасындағы байқауының «Көркем сөз» номинациясы бойынша лауреат атанып, жеңіспен оралды. №164 орта мектебінің директоры М. Бижікеев пен жетекшілік еткен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Құрбаназарова Дариха педагогикалық еңбек жолында өнерпаз шәкірттерге білім мен тәрбие беруде өскелең ұрпақтың азаматтық ұстанымын қалыптастырғаны үшін «Ғұмырдария» балалар продюсерлік орталығының Алғыс хатымен марапатталды. 11 жасар Санаққызы Айман өз репертуарында «Туған жерім», «Сыр» өлеңдері арқылы Мұқағали ақынның туған жерін қуанышпен елге таныстырса, 10 жастағы Санақ Ақжүніс «Бақ мекен», «Сүйемін, өскен Отаным!» атты өлеңдерімен замандастарына ақын жырлағандай отаншыл, патриот болып өсуді мегзеді.

Өнерпаз қыздарымыз Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 28 қаңтар күні еліміздің азаттығы жолында қан кешіп, кең байтақ жерімізді қорғаған,  қазақ елінде ұрпаққа тарихымыздан тағылым бере алатындай тұлғаларымыздың бірі – 13 жасынан атқа қонып, батырлық пен әулиелік қатар дарыған Райымбектің бозбала шағынан жігіт шағына дейінгі ерліктерін, ерекшеліктерін сүбелі суретпен күрделі шиеленістер арқылы айшықтайтын драмасын тамашалағанын айтты.        

         «Күпі киген» қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарған отты жырларымен, ойлы, өрнекті өлеңдерімен халқының қадыр қасиетін айта алған мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев есімі мәңгілік ғұмырға айналған.

     Сан алуан тақырыптағы өлеңдеріне ән жазған композиторлар санында шек жоқ. Өлеңдері мен әндері өміршеңдігімен, жасампаздығымен құнды ел игілігіне айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, тыңдарманына рухани азық беріп келеді..

Осы байқауда жүлделі 3-орынға ие болған қос  өнерпазымыз Айман мен Ақжүніс және жетекшісі қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Құрбаназарова Дариха апай ақиық ақын  М.Мақатаевтың туылғанына 85 жыл толуына орай маусым айында ұйымдастырылатын 2 күндік іс-шараға барып қатысуға мүмкіндік алды. (М.Мақатаевтың мұражайына саяхат, үлкен мерекелік концерт өтеді).

         Қыздарымыздың өнерлеріне демеушілік танытқан ата-аналарына алғысымызды білдіре отырып, «Мектептен шыққан қос лауреатқа» алдағы байқаулардан да жүлделі орындарға ие болып, биіктерден көрін демекпіз!

                                                                                   

Суретте: Солдан оңға қарай Санаққызы Айман, ортада әділқазы төрағасы Шаяхмет Имашұлы, Санақ Ақжүніс

 

 

 

 

 

 

Суретте: ҮІІІ Республикалық «Жырлайды жүрек» атты М.Мақатаевтың өлеңдерін оқудан және өлеңіне жазылған әндерден балалар арасындағы байқауының «Көркем сөз» номинациясы бойынша лауреат атанған Санақ Ақжүніс, Санаққызы Айман, ортада жетекшісі Құрбаназарова Дариха

Пікір қалдыру

Сіздің email-ңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

*