№14 Алыбай батыр атындағы жалпы орта мектебінің 4 сынып оқушысы Раймбек Қаламқас Нұржанқызы Жетекшісі:Бастауыш сынып мұғалімі Манабаева Меруерт Сабырханқызы

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы

№14 Алыбай батыр атындағы жалпы орта мектебінің 4 сынып оқушысы  Раймбек Қаламқас Нұржанқызы   Жетекшісі:Бастауыш сынып мұғалімі  Манабаева Меруерт Сабырханқызы

                                         Асыл анам

                                                      Анашым қамқор анам, асыл анам,

                                              Жыр жазамын жүрегіммен арнап саған.

                                                 Бұл дүниенің жылуы тек өзіңсің,

                                                     Сенсіз өткен бір күнім қара аспан.

Жер бетіндегі тіршілік атаулы Анадан басталады. Барша адам баласы, жан-жануарлар, жәндіктер, қыбырлаған құмырсқа да Анаға қарыздар.Адам баласының бойындағы барлық қасиеттер ананың ақ сүтімен дариды.  Бойындағы бар жылуын, күш-қуатын, шексіз махаббатын, мейірімен баласына арнайды. Ұлы ержетіп, қызы бой жеткенде ақ батасын беріп, үлкен өмірге аттандыратын да аналар. «Баламның табанына кірген шөгір, менің маңдайыма кірсін»-дейтін де осы аналар.

Менің анам маған жарық дүние сыйлап, түн ұйқысын төрт бөліп, перзенттерінің бақыты үшін аянбай еңбек етіп келеді. Мен анамды өте жақсы көремін. Ол барын балаларының алдына тосып, басқалардан кем қылмай мәпелеп өсірді. Өзі жарқырап киінбесе де, балаларының әдемі киінгенін қалады. Мектептен кіріп келгенімізде асын дайындап алдымызға қойып, ыстық ықыласпен күтіп алғанының өзі бір бақыт. Егер бір себептермен анамыз үйде болмай қалса, үйдің іші қаңырап,суып кеткендей сезіледі. Құдды үйдің бар жылуы анамызбен бірге шығып кеткендей. Осы кезде

«Жер бетінің жылуы күн көзінен тарайды,

Біздің үйдің жылуы анамыздан тарайды» -деген өлең жолдары еріксіз ойға келеді.

Біздің әрбір еркеліктерімізге сабырмен,кешіріммен қарайды. Үнемі сабақтарымызды қадағалап, біліміміздің жоғары болуын талап етеді. Жеткен жетістігімізге жас балаша қуанып, маңдайымыздан сүйіп, арқамыздан қағады. Осындай сәттерде анамның барына шүкіршілік етіп, жаратқаннан ата-анамның денсаулын іштей тілеп отырамын.

Тәрбиемізге, отбасымыздың ынтымағына дұрыс ықпал жасап отыратын да осы анамыз. Әкенің беделінің асқақтауына септігін тигізетін  адам ол ана деп түсіндім. Себебі менің анам әкемді сыйлауды, құрметтеуді, оған қызмет етуді үйретіп отырады. Өзі де әкемізден асып сөйлеп , алдын кеспейді.

Менің анам алты перзентті дүниеге алып келді. «Мен үшін әрбіріңнің орның бір төбе» -деп бәрімізге бірдей көңіл бөледі,мейірімі мен жылуын бірдей төгеді. Үйдің үлкендері әпкем мен ағам жоғарғы оқу орнында. Үнемі дастарқан басында отырғанымызда анам оларды еске алып, «Суық күнде тоңып қалды ма екен, ыстық тамақ ішті ме екен»-деп уайымдап тамағынан ас өтпей отырады. Мен үйдің кенжесімін. Алтауымыз да мектепте үздік оқимыз. Менің мұғалімім  «Қаламқастың анасы нағыз алтын құрсақты, барлық перзенттері мектебіміздің мақтанышы»-деп алғысын айтқан кезде, төбем бір елі көкке жетпей қалғандай кеудемді қуаныш билейді. Анам үнемі «Сендердің бақытты болғандарың, менің бақытты болғаным»-деп айтып отырады. Сонда әрбір ана өз бақытын балаларынан іздейді екен ғой. Мен анаммен мақтанамын.  Анамнан көп нәрсе үйреніп, оның әрбір ісін көкейіме тоқып келемін.

Ананың баласына артқан үлкен үмітін ақтауымыз керек. Олар бар өмірін перзенттеріне арнап , өмірдің қиыншылықтарына төзе білді. Сондықтан олар ең биік құрметке лайық. Сәби шағында олар өзіңді қалай бағып — қақса, қартайғанда оларды да солай алақанға салып аялау керек.Ата-ананың жүрегіне қаяу салмай, аялау қажет.  Біздің бақытымызға аналарымыз аман болсын. Анамды бақытты ету басты арманым.

Пікір қалдыру

Сіздің email-ңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

*